
Нәрестенің миы өмірінің алғашқы кезеңінде қарқынды дамиды. Ал дүниеге келгеннен кейінгі ортаға бейімделу белгілі бір уақыт пен қосымша күшті қажет етеді. Осы үдерістің қалыпты өтіп жатқанын бағалау үшін біз қауіпсіз әрі ақпараттық диагностикалық әдісті — нейросонография мен ультрадыбыстық допплерографияны (УДДГ) қолданамыз.
Нейросонография — баланың еңбегі әлі қатаймаған кезеңде жүргізілетін мидың ультрадыбыстық зерттеуі.
Бұл тексеру ауыртпайды, сонымен қатар ми құрылымын көруге, қарыншалардың күйін бағалауға, қан құйылу белгілерін, туа біткен даму ерекшелігін немесе сұйықтықтың шамадан тыс жиналуын анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеу, әсіресе, шала туған нәресте, босануы асқынумен немесе өте жылдам өткен бала үшін, сондай-ақ жүйке жүйесінің бұзылысына күдік туған жағдайда аса маңызды.
Ультрадыбыстық допплерография (УДДГ) мидың қан тамырларындағы қан айналымын бағалауға арналған. Бұл әдіс миға қан мен оттегінің жеткілікті деңгейде жетіп-жетпей жатқанын анықтауға көмектеседі. Әсіресе, босану кезінде оттегі жетіспеушілігі болғанда не баланың жалпы жағдайы тұрақсыз болса, УДДГ-ның маңызы зор. Осы зерттеу арқылы ми қан айналымындағы ауытқуды дер кезінде байқап, бақылау немесе емдеу тәсілін уақтылы түзетуге болады.
Аталған екі тексеру де қауіпсіз, ауыртпайды және иондаушы сәулелену қолданылмайды. Сондықтан оларды тіпті ең кішкентай сәбиге де жүргізуге болады. Ерте диагностика дәрігерге мәселені дер кезінде анықтап, баланың дені сау болып өсуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Егер қандай да бір сұрағыңыз немесе алаңдаушылығыңыз болса, міндетті түрде өз учаскелік педиатрыңызға жүгініңіз.
Сізге және сәбиіңізге зор денсаулық тілейміз!